Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: сапалы білім, адал ұрпақ, табысты ұлт» тақырыбында өтіп жатқан тамыз кеңесіне қатысушыларға құттықтау жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгін тамыз кеңесінің екінші күні өтіп жатыр. Премьер-министрдің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрі Тамара Дүйсенова Президенттің құттықтау сөзін оқып берді.
Құрметті кеңеске қатысушылар! Қадірлі ұстаздар! Сіздерді білім беру саласы қызметкерлерінің республикалық тамыз кеңесінің басталуымен шын жүректен құттықтаймын! Жаңа оқу жылы қарсаңында педагогтердің басын қосып, өскелең ұрпаққа білім, тәрбие беру мәселесіне қатысты алқалы жиын өткізу игі дәстүрге айналды, – делінген Тоқаевтың құттықтауында.
Бұл – еліміздің болашағына ықпал ететін маңызды бас қосу.
Сапалы білім беру бәсекеге қабілетті, өркениетті ел болудың кепілі. Адамзат тарихындағы жетістіктің барлығы ілім-білімнің жеңісі екені сөзсіз. Ұлағатты ұрпақ өсіру арқылы ғана ұлттың жаңа сапасын қалыптастыра аламыз. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Мектептің жаны -мұғалім, мұғалім қандай болса, мектебі де сондай болады» деген. Еліміздің ертеңі жас ұрпақтың білімді, еңбекқор әрі отаншыл болуына байланысты. Жастарды адал азамат етіп тәрбиелеу, олардың бойына ізгі құндылықтарды сіңіру – аса маңызды міндет. Осы жауапты істі абыроймен атқарып жүрген ұстаздар қауымына шынайы ризашылығымды білдіремін, – деп айтты Тоқаев.
Президенттің құттықтау сөзінде айтылғандай, мемлекет білім саласының өркендеуіне әрдайым баса мән береді. Елімізде жастарымыздың жан-жақты дамуына барлық жағдай жасалған.
Заман талабына сай оқу орындары көптеп салынып жатыр. Арнайы заң қабылданып, педагогтердің мәртебісі құқық жағынан реттелді. Олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға баса назар аударылып жатыр. Осындай қолдау шаралары болашақта да жалғаса береді, – деп Тамара Дүсенова Президенттік құттықтауын оқып берді.
www.baq.kz