Еліміздің дамуы және құрылыс мамандарының беделін көтеру үшін жоғары білікті кадрларды даярлау мақсатында КМҚК «Құрылыс колледжі» құрылыс құзыреті үшін төртінші жыл қатарынан халықаралық «World Skills» қозғалысына белсене қатысуда. Жыл сайын біздің студенттер ұлттық-аймақтық сайыстардан жүлделі орынмен оралады. Осы жылдың шілде айында Астана қаласында «EuroSkills-2018» чемпионатында «Тас қалау» құзыреттілігі бойынша бірнеше мәрте аймақтық сайыстардың жүлдегері колледжіміздің 41 ПГС топ студенті Махан Рахаттың кандидатурасы мақұлданып, іріктеу жарысында жолдама жеңіп алған болатын. Қыркүйек айының 26-28 күндері Венгрия астанасы Будапешт қаласында өткен «EuroSkills-2018» халықаралық чемпионатына қатысып, еліміз үшін үлкен жүлдемен оралды.

Еуропаның өте жоғары деңгейде дайындалған қатысушылары 39 құзыреттілік бойынша сынға түсті. Барлығы 28 үміткер және 500 сарапшы мамандардың сынынан өткен Рахат тек ШҚО-ны ғана емес бүкіл Қазақстанды әлем елдеріне танытып, еліміздің абыройын асқақтатты. Сараптау нәтижесінде Қазақстан әлемдік деңгейде 10-орынды иеленді. Колледж ұжымы және студенттері Рахатты зор қошеметпен, мақтаныш сезімімен күтіп алды.