2025 жыл – Қазақстанда Жұмысшы мамандықтар жылы.
2025 жылғы 18 сәуірде Абай облысы Білім басқармасы «Облыстық инновациялық-әдістемелік орталығы» КММ-нің жоспарына сәйкес, Геодезия, картография және құрылыс жоғары колледжі базасында өндірістік оқыту шеберлеріне арналған «Шеберлікке жол» облыстық әдістемелік воркшоп өтті.
Воркшоп өндірістік оқыту шеберлері мен оқу-өндірістік жұмыс жөніндегі директор орынбасарлары арасында кәсіби тәжірибе алмасудың диалогтық әрі практикалық алаңына айналды. Іс-шараға қатысушылар өндірістік оқытуды ұйымдастырудың заманауи тәсілдерін, техникалық және кәсіптік білім беру мазмұнына қойылатын өзекті талаптарды, оқу және өндірістік құжаттарды дұрыс рәсімдеу мәселелерін талқылады. Талқылаудың маңызды бөліктерінің бірі дуальды оқыту және әлеуметтік серіктестер – жұмыс берушілер мен бизнес өкілдерімен тиімді өзара әрекеттесу тақырыптары болды. Білім беру үдерісін жаңғырту жағдайында цифрлық оқыту мүмкіндіктеріне ерекше көңіл бөлінді. Қатысушылар өндірістік оқытуға заманауи технологияларды енгізуге, оның қолжетімділігі мен тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретін құралдар мен платформаларды қарастырды.
Абай облысы, Өскемен және Павлодар қалаларындағы колледждердің оқу-өндірістік жұмыс жөніндегі тәжірибелі директор орынбасарлары – Нургожанова А.С., Васильев О.А., Турсынбаева А.К., Баймухамбетова А.Д., Байболова А.С., Шалова Ф.К., Сартаева Г.Т., Оспанова З.А., Мұханов А.Қ., Жумабаев Б.М., Молдиярова А.Г., Мукушев Д.С., Нурмагамбетова Д.К. – бірқатар шеберлік сабақтарын өткізіп, әдістемелік жұмыстың тиімді құралдарымен, жұмыс берушілермен өзара әрекеттесудің және дуальды оқытуды ұйымдастырудың тиімді тәжірибелерімен бөлісті. Воркшоптың әрбір қатысушысы әріптестерінің табысты тәжірибесімен танысып қана қоймай, жаңа жұмыс формалары мен әдістерін талқылауға да қатысу мүмкіндігіне ие болды.
Шеберлік сабақтарына Абай облысы колледждерінің 78 өндірістік оқыту шебері тыңдаушы ретінде қатысты. Барлық қатысушыларға Геодезия, картография және құрылыс жоғары колледжінің атынан сертификаттар табысталды, ал оқу-өндірістік жұмыс жөніндегі директор орынбасарлары Абай облысы Білім басқармасының «Облыстық инновациялық-әдістемелік орталығы» КММ-нің сертификаттарымен марапатталды.