2025 жылы маусым айында техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары педагогтерінің кәсіби құзіреттіліктерін арттыру мақсатында «Ғимараттар мен құрылымдарды салу және пайдалану саласындағы ТжКББ педагогтерінің кәсіби құзіреттіліктерін жетілдіру» тақырыбында біліктілікті арттыру курсы бастау алды.
Курс тренері – Нургожанова Арай Серыкжановна, тәжірибелі педагог, өз саласының білікті маманы.
Курстың негізгі мақсаты – құрылыс саласында білім беретін педагогтердің кәсіби құзіреттіліктерін қазіргі заман талаптарына сай деңгейде жетілдіру, заманауи құрылыс технологияларын меңгеруіне және оларды білім беру процесінде тиімді пайдалануына ықпал ету.
Курстың міндеттері:
1. Құрылыс технологиясы саласындағы соңғы даму үрдістерін зерделеу, осы бағыттағы қызметті реттейтін өзекті нормативтік-құқықтық құжаттарды талдау және тәжірибеде қолдану мүмкіндіктерін қарастыру.
2. Құрылыс мамандықтарының ерекшеліктерін ескере отырып, білім беру процесін ұйымдастырудың тиімді әдістемелерін меңгеру және оны оқу-тәрбие жұмысына енгізу бойынша практикалық дағдыларды жетілдіру.
3. Кәсіби стандарттар талаптарына сәйкес педагогикалық әдістемелерді бейімдеп қолдану, сондай-ақ кәсіпорындар мен ұйымдар базасында бейін бойынша кәсіби білім мен практикалық дағдыларды нығайту.
Бұл курс қатысушыларға тек теориялық білім беріп қана қоймай, тәжірибе жүзінде де кәсіби машықтарын шыңдауға бағытталған. Бағдарлама құрылыс саласындағы заманауи жетістіктерді оқу үдерісіне енгізуге мүмкіндік береді және педагогтердің кәсіби дамуына жаңа серпін береді деп күтілуде.
Курс барысында қатысушылар оқу-әдістемелік материалдармен қамтамасыз етіліп, тәжірибелі мамандармен бірлесіп практикалық тапсырмаларды орындайды. Курсты сәтті аяқтаған педагогтерге белгіленген үлгідегі сертификаттар табысталады.