Абай облысы Семей қаласының Мәдениет үйінде 2025 жылдың 11 ақпанында Абай облысының «Еңбекпен қамту мобильдік орталығы», «Семей қаласының Мансап орталығы» және «Геодезия, картография және құрылыс жоғары колледжі» КМҚК-ның ұйымдастыруымен «Бос орындар жәрмеңкесі» өтті.
Іс-шараға түрлі кәсіпорындар, мекемелер мен колледж өкілдері, сондай-ақ БАҚ, еңбек инспекциялары, мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктер және Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының мүшелері қатысты. Бос орындар жәрмеңкесіне барлық жұмыс беруші кәсіпорындардың консультанттары белсенді қатысып, болашақ түлектерге бос орындар, мемлекеттік өтеусіз гранттар бағдарламалары, әлеуметтік жұмыс орындары және атаулы әлеуметтік көмек түрлері туралы пайдалы ақпарат берді.
Бос орындар жәрмеңкесі колледж студенттері мен түлектеріне әлеуетті жұмыс берушілермен тікелей қарым-қатынас жасауға, еңбек нарығындағы түрлі ұсыныстар туралы білуге және білікті консультациялар алуға бірегей мүмкіндік берді.