Блокадалық Ленинградтың қаһарман қызы Клавдия Николаевна Кошелеваға шефтік қамқорлық жасау құрметі 102 ТГ тобына бұйырды. Топтың кураторы – Шалова К.К. Студенттер Клавдия Николаевнаның үйіне барып, оның өмір жолымен танысты, жылы лебіздерін білдіріп, Көктем және Еңбек мерекесі – 1 Мамырмен құттықтады. Тарихтың ең ауыр кезеңдеріне куә болған жанмен жүздесу – жастар үшін естен кетпес, тағылымы мол кездесу болды. Бұл – жадымызды жаңғыртып, алғыс пен құрметке баулыған нағыз тәрбие сабағы болды.
– «Ол кісімен кездескен соң, тыныштық пен бейбіт өмірдің, жақындарымыздың қадірін тереңірек түсіндім. Күнделікті күйбең тіршілікте осы құндылықтарды жиі елемей жатамыз. Ал дәл осындай жандар бізге солардың шынайы бағасын ұғындырады», – дейді Жұмабаев Елдос.
– «Көп қызықты деректер естідік. Ең әсерлісі – бомбалау кезінде әпкелерімен бірге қалай аман қалғандары жайлы әңгімесі болды. Бүгінгі бейбіт өмірімізбен салыстырғанда, ол кездің қандай ауыр болғанын елестету қиын. Ең бастысы – елімізде әрдайым тыныштық пен бейбітшілік болсын», – деді Оралбек Нұрлыбек.
– «Бүгінгі кездесу мен үшін өмір сабағы болды. Соғыс кезінде адамдардың қандай қиындықтарға төтеп бергенін, оқ пен снарядтың ортасында, сусыз-ассыз қалай тірі қалғандарын естіп, қатты толқыдым. Мұндай жандарды ешқашан ұмытпауымыз керек. Олар – біздің батырларымыз», – деп бөлісті Матвеев Кирилл.