Қазақстанда 1 қарашадан бастап мекенжай анықтамасы талап етілмейді және мемлекеттік қызметтер реестрінен алынып тасталатын болады. Яғни, еш мемлекеттік орган, мектеп не медициналық мекеме азаматтардан мекенжай анықтамасын 1 қарашадан бастап сұрата алмайды. Оны «Азаматтарға арналған үкіметтің» филиалдарынан да, электронды үкімет порталынан да алу мүмкіндігі болмайды. 

Қажет болған жағдайда қазақстандықтар тіркеуге тұрған мекенжайларын egov.kz электронды үкімет порталы мен eGovmobile қосымшасындағы жеке кабинеті арқылы тексере алады.

Мемлекеттік органдарға келетін болсақ, олар бұл мәліметті ішкі істер министрлігінің деректер базасымен интеграцияланған ақпараттық жүйелері арқылы алатын болады.

Сонымен бірге, азаматтардың мекенжай тіркеуі туралы ақпаратты сұратуы мүмкін басқа ұйымдар, соның ішінде жеке компаниялар egov.kz электрондық үкімет порталындағы үшінші тұлғаларға анықтама беруге мүмкіндік беретін сервисті пайдалана алады. Бұл тек азамат бір рет ақпарат алуға рұқсат беретін SMS-кекелісім бергенде ғана жүзеге асатын операция. Мұндай SMS алу үшін азамат «Мобильді азаматтар» базасында тіркелуі тиіс. Тіркеуді әр азамат өзі жүргізе алады (egov.kz  порталындағы «Жеке кабинетке» кіріп, «телефон» бағанында өз телефонының нөмірін көрсету немесе өзгерту қажет және оны өзінің ЭЦҚ-мен растауы керек) немесе ХҚКО-ның кезкелген бөлімшесіне жүгінсе болады (қызмет тегін көрсетіледі және 5 минут уақытыңызды алады).