Премьер-министрдің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Тамыз кеңесінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын оқып берді,  деп хабарлады Azattyq Ruhy.

Тоқаев педагогтерді Тамыз кеңесінің басталуымен құттықтады. «Жаңа оқу жылы қарсаңында педагог мамандарының басын қосып, өскелең ұрпаққа білім және тәрбие беру мәселесіне қатысты алқалы жиын өткізу игі дәстүрге айналды. Бұл еліміздің болагшағына ықпал ететін маңызды басқосу, сапалы білім беру бәсекеге қабілетті, өркениетті ел болудың кепілі. Адамзат тарихындағы жетістіктің барлығы ілім-ғылымның жемісі екені сөзсіз. Ұлағатты ұрпақ өсіру арқылы ғана ұлттың жаңа сапасын қалыптастыра аламыз. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Мектептің жаны-мұғалім, мұғалім қандай болса, мектебі һәм сондай болмақшы» деген», — деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы елдің ертеңі еңбекқор әрі отаншыл болуына байланысты екенін айтты. «Жастарды азамат етіп тәрбиелеу, олардың бойына ізгі құндылықтарды сіңіру аса маңызды міндет. Осы жауапты міндетті абыроймен атқарып жүрген мұғалімдер қауымына аса ризашылығымыды білдіремін. Мемлекет білім саласын өркендетуге аса мән береді. Елімізде жастардың жан-жақты дамуына жағдай жасалған. Заман талабына сай оқу орындары көптеп салынып жатыр. Арнайы заң қабылданып, педагогтердің мәртебесі құқықтық жағынан реттелді. Олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға база назар аударылып жатыр. Осындай қолдау шаралары болашақта да жалғаса береді. Бүгінгі кеңесте салмақты ойлар мен салиқалы пікірлер айтылады деп сенемін», — деді Мемлекет басшысы.

 

www.azattyq-ruhy.kz