2025 жылы 8 қаңтарда «Геодезия, картография және құрылыс жоғары колледжі» КМҚК-ның өндірістік оқыту шебері Нурболат Дуненбаевич Алимкулов «Аbainewskz»  Абай облысының басты ақпараттық порталына  сұқбат берді.

Баршамызға мәлім мемлекет басшысының Жарлығымен 2025 жыл Жұмысшы мамандықтарының жылы болып жарияланды. Бұл қадам техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамытуға жаңа серпін береді.  Ең бастысы, кәсіпорындармен бірлесіп, мектептерде 1000 бейіндік сынып ашылады. Бұл сыныптар оқушыларға нақты еңбек нарығының талаптары мен экономиканың нақты секторларындағы мансап мүмкіндіктерін түсінуге мүмкіндік береді.

Н.Д. Алимкулов сұқбат барысында «Бұл бастама еліміздің экономикасына қажетті жұмысшы мамандықтары бойынша сапалы кадрлар даярлауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, мектептерде ашылатын бейіндік сыныптар оқушыларды мамандыққа ерте жастан бағыттап, олардың жұмыс әлеміне бейімделуін жеңілдетеді. Біз бұл реформаның жастарымыздың болашағына үлкен әсер ететініне сенімдіміз», – деп өзектілігін атап өтті.

Сондай-ақ, жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын арттыру және техникалық, кәсіптік білім беру жүйесін трансформациялауды жүзеге асыру аясында колледжімізде құзыреттілік орталығы бар. Бұл орталықта білім алушылар заманауи құрылғылар мен жабдықтармен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, орталықта барлық құрылыс саласы бойынша жұмысшы мамандықтарды  кәсіби даярлық жүргізілетінін де ерекше атап өткен жөн.