2025 жылы мамыр айының 27-сі күні Геодезия, картография және құрылыс жоғары колледжінде ерекше рухани маңызға ие «Шабыт» аллеясының ашылу салтанаты өтті. Аллеяның басты идеясы – ұлт тарихының тағылымын бүгінгі жас ұрпаққа жеткізу, білім мен өнерге, ғылым мен шығармашылыққа құштарлықты арттыру. Әрбір отырғызылған ағаш, әрбір көгалды алаң – жастықтың, үміттің, еңбек пен арманның белгісіндей. Салтанатты лента қию рәсімі – үлкен құрмет пен жауапкершілікке толы сәт. Бұл мәртебе «TALAP» коммерциялық емес акционерлік қоғамының әлеуметтік әріптестік басқармасының басшысы Жанайдаров Нұрдәулет Дәулетбекұлы мен Абай облысының білім басқармасы басшысының орынбасары Курманова Айжан Абзалиевнаға берілді. Салтанатты іс-шарада оқытушылар, қонақтар мен құрметті меймандар бас қосып, аллеяның алғашқы тынысын бірге сезінді. «Шабыт» аллеясы – студенттер үшін болашаққа батыл қадам басуға, армандарға ұмтылуға, елдің ертеңі үшін қызмет етуге талпындыратын символдық орын.