Қазан айының 13 күні колледжіміздің І курстың С-11, С-13, М-11 топ студенттері «Абай мұражайына саяхат» жасады. Студенттер Абай мұражайына барып, қайталанбас керемет әсерге ие болып қайтты. Абай өмір сүрген ғасырдың көріністерін көріп, туған жеріне қысқаша шолу жасалды. Мұражайдағы жәдігерлерді көріп Абай шығармашылығына терең үңілді.

Қорық-мұражайдың негізгі қызметі – Абай өмірі мен шығармашылығын және оның ақындық-өнер айналасын, сол замандағы тарих пен мәдениет құбылыстарын, заттық, құжаттық жәдігерлерді зерттеу, сақтау, насихаттау, қорғау. Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайы қазақтың ұлы жазушысы, академик М.О.Әуезовтің ұсынысы бойынша Абайдың 95 жылдық мерейтойы қарсаңында, 1940 жылы Қазақ ССР-нiң Халық комиссарлар Кеңесiнің 1 сәуiрдегі қаулысы негізінде құрылып, сол жылы 16 қазанда мереке үстінде ашылды.

Жалпы қорытындылай келгенде айтарымыз, мұражай ісінде, қоғамдық ортада тіпті әлемдік мәдениет сипатында құнды болып табылатын мұражай қорындағы сан түрлі жәдігердің өткеніміздің белгісіндей болып, халқымыздың баға жетпес асыл мұралары екені даусыз. Сондықтан да, қоғамның белгілі бір дамуында ғылыми іздену, халық-ағарту, мәдени құндылықтарымызды сақтау жұмысын жүйелі түрде жүргізу нәтижесінде Абай қорық-мұражайы бүгінде Қазақстан мұражайларының ішінде өзіндік орны бар іргелі мәдени ошақтардың бірі болып табылады.

Сөз соңында мұндай саяхат студенттердің рухани баюына өзіндік үлес қосады деп ойлаймыз. Бұл саяхатты ұйымдастырған топ жетекшілері мен топ шеберлеріне алғысымызды білдіреміз!