2017 жылдың қазан айының 17 күні колледждің қыздарымен «Қыз қылығымен сымбатты» атты қыздар жиналысы өткізілді. Жиналыс Жастар ұйымының жетекшісі Әйгерім Ниязхановнаның ұйымдастыруымен өткізілді. Жиналысқа директордың оқу-тəрбие ісі жөніндегі орынбасары Раушан Манатқызы, колледж медбикесі Гулжанат Сағатбековна, педагог-психолог Балжан Балташевна және топ жетекшілері қатысты.
Жиналыстың мақсаты:
— колледж қабырғасында жүрген бүгінгі аруларымыздың ертеңгі адал жар, аяулы ана, ардақты әже атануына үлес қосу, оларға тәлім- тәрбие беріп, білім ордасында тұлға болып қалыптасуына көмектесу;
— «қыз» деген атқа лайық болып, қашанда тәлімді, тәрбиелі, ибалы да инабатты болып жүруіне көмектесу, олардың тәрбиесіне көңіл бөлу;
— имандылық салтын қалыптастыру;
— колледжде жаймашуақ ортаны орнату.
Әрбір елдің өміріндегі шешуші кілт — қыздарға берілетін тәлім мен тәрбие арқылы өлшенеді. «Қыз» деген сөздің өзі әдеміліктің, әдептіліктің, жан-жақты сұлулықтың символы ретінде қолданылады. Бұл қыз баланың айырықша әдепті де, көрікті болатынын аңғартады. Өйткені, қызды жат – жұрттық бала, қыз- қонақ, оның көретін құрметі де әкесінің үйінде деп ерекше сыйлаған. Қыз үйге кіргенде ақсақалды қарт орнынан тұрып, төрден орын берген, бұл-қазақ дәстүрі. «Қыз баланың мынау тіршіліктегі міндет – парызының жүгі ауыр әрі ардақты. Ол – адамзат ұрпағын өмірге әкелетін болашақ ана, үй ұстап, күйеу күтетін адал жар, ата — ене сыйлап, иілетін қамқор келін. Ол осыны қаласын-қаламасын бұл өмір заңы» деген.
Қыз бала аттап өтуге болмайтын әдеп – инабаттылық талаптары жайында жақсы хабардар болуға тиіс. Ол үшін қыз баланың бойына кішкентайынан сыпайылық, мейірбандылық, адалдық, сезімталдық, еңбекқорлық сияқты сияқты қасиеттер дарыған болуға тиіс. Қыз бала өзіне дос таңдауға ерекше жауапкершілікпен сақтық, ұстамдылықпен қарауы, оның маңызын санамен аңғарып, жүрекпен түйсінуі тиіс. Бұл істе жеңіл ойлылық, ұшқалақтыққа, орынсыз тәуекелге жол беру өте қауіпті. Қыздар үшін дос ер балалардың мінез – құлқы, әдет – дағдылары, ой өрісі мен мәдениеті, білімі мен инабаттылық болмысы, талабы мен талғамы, денсаулығы, жақсы, жаман әдеттері (темекі, ішімдік, есірткіге зауқы), ала – бөтен қылықтары, т.б жайында алдын ала білу өте маңызды.
Сонымен қатар, жиналыс барысында қыз бала қандай болу керек, жалпы -колледжішілік тәртіп, киім үлгісі, инабаттылық , кішіпейілділік сияқты тақырыптар талқыланды. Жиналыс сырласу кеші ретінде өтіп, естелік фотосуретке түсіп, қыздарымыз жақсы көңіл-күймен тарқасты.
Түрлі тақырыптарды қамтитын қыздар жиналысы алдағы уақытта жүйелі түрде өткізілетін болады.